Бірінші Сөз "Бисмилләһ" күллі игіліктің бастамасы, сондықтан, біз де "Бисмилләһтан" бастайық. Уа, нәпсім! Біліп қой! Бұл мүбәрак сөз, Исламның белгісі. Сондайақ, оны бүкіл жаратылыс атаулының қай-қайсысы болсын, өздеріне тән тілімен әрдайым қайталап отырады. "Бисмилләһтың" қажымас қайрат, қайнары сарқылмас береке екенін білгің келсе, мына бір шағын хикаяға назар аудар, құлақ сал: Ұшы-қиырсыз араб сахарасына сапарға шыққан адам жол торыған қарақшылардан дін аман болып, мақсатына жетуі үшін белгілі бір қауымның басшысының атын атап, оны пана тұтуы керек. Әйтпесе, қаптаған жау мен жол қиыншылығына тап болып, қатты қиналатыны сөзсіз. Міне, осындай сапармен екі адам сахараға жол тартады. Олардың біреуі - кішіпейіл, екіншісі - тәкаппар болатын. Кішіпейілі белгілі бір басшыны паналады, ал тәкаппар болса, оны қажетсінбеді. Кішіпейіл кісі барлық жерде аман-есен жүрді. Жолда қарақшыларға жолықса: "Мен пәлен деген басшының атынан жүрмін," - дейді. Қарақшылар тиіспей, жөніне кете береді. Сондай-ақ, жолай кездескен ауылдарға ат басын бұра қалса, әлгі басшының беделі арқасында құрметке бөленеді. Ал, анау тәкаппардың жол бойы азып-тозғаны соншалық, жағдайын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әрдайым зәресі ұшып, қорқыныш пен үрей сорлыны әбден титықтатады. Ақырында досқа күлкі, дұшпанға таба болды. Міне, ей тәкаппар нәпсім! Сен де осындай жолаушысың. Мына дүние шексіз сахара секілді. Жаратылысың әлсіз әрі пақыр, мұң-мұқтажың да көп, өміріңе қауіпті дұшпандарың бастан асады. Олай болса, осы сахараның мәңгілік иесі Хаким-і Әзелидің1 атын атап, есімін пана тұт, Оның пендесі болып, қоластына кір. Сонда ғана әлемнің құбылыстарынан, қауіп-қатерлерден аман-есен болып, оларға тәуелді болып қалудан құтыласың. Бойыңдағы пақырлық пен әлсіздік әлгі қасиетті сөздің арқасында құдіреті күшті бір Аллаһтың алдында саған шапағатшы болады. Сондықтан, әрбір іс-әрекетін "Бисмилләһ" деп бастаған адамды ешкімнен қорықпайтын, қандай іс болсын заң жүзінде, мемлекет атынан абыроймен атқарып, бәріне төтеп беретін жауынгер ретінде сипаттауға болады. Сөз басында жаратылыс атаулы өздеріне тән тілмен "Бисмилләһ" дейтінін айтып өттік. Енді соған тоқталайық: Мәселен, әлде бір адам қала тұрғындарын жаппай бір өзі бір жерге мәжбүрлеп жинап, жұмысқа жеккенін көрсеңіз, оның бұл істі өз бетімен, өз күшімен емес, бір Патшаның құдіретіне арқа сүйеп, мемлекет атынан әрекет етіп қана атқарып жүргенін түсінесің. Сол секілді барлық іс Хақ Тағаланың атымен атқарылады. Кіпкішкене дәнектер өз бойында зәулім ағаштарды көтеріп, үлкен жүк тасиды. Әрбір ағаш "Бисмилләһ" деп, Аллаһтың мейірімділік қазынасындағы жемістерді бізге "тасымалдаушы" қызметін атқарады. Бау-бақшалар да "Бисмилләһ" дейді. {(1) Хаким-і Әзели - мәңгі бақи үстем етуші Аллаһ. ТҮСІНІКТЕМЕ. Қадірлі оқырман! Кітаптың ішінде осы тектес сызықшаға алынған сөз тіркестері көп кездесетінін, олардың кейбірі Аллаһ Тағаланың көркем есім-сипаттары екенін ескертпекшіміз. Осылай өзгешелеу жазылуының себебі мағынасы өте терең, сөз жетпейтін Жаратқанның есім-сипаттары болғандықтан, түпнұсқадан қаз-қалпында алынды. Шексіз терең мағыналарды шектеп, нұқсан келтірмеу үшін әрі Жаратушымыздың есімі болғандықтан солай жазылып, жатталуы тиіс деп ұйғардық. Әрі жеке атаулар өзгермей жазылатыны мәлім. Мұны осылай қабылдап, дұрыс түсінерсіз деген үміттеміз. Ауд.} Олар, сан-алуан дәмді тағамдармен бірге, бірақ мінсіз қалпында, өзара араласып ботқаға айналып кетпей пісіріліп жататын Иләһи сиқырлы қазан тәрізді. Сиыр, қой, ешкі, түйе секілді жануарлар да "Бисмилләһ" деп, бізді Аллаһтың "Рәззақ" (Барлық мұқтаждарға ризық беруші) есімімен мейірімділік бұлағынан шығып жатқан сүт секілді өте жұғымды әрі таза қорекпен қамтамасыз етеді. Әрбір өсімдік пен ағаштың, тіпті шөптердің жібектей нәзік тамырлары "Бисмилләһ" дейді. Қатып қалған тас пен топырақта емін-еркін өсіп-өнеді. "Аллаһ атымен, Рахман атымен" дегенде бәрі оларға қызметші бола қалады. Ағаштардың көкке еркін бұтақ жайып, жеміс салуы тәрізді, тамырлардың жер астында емін-еркін жайылып түйнек салуы, сондай-ақ өте нәзік, жасыл жапырақтардың аптап ыстықта айлар бойы жап-жасыл қалпында тұруы; міне, бұл құбылыстар "табиғат жаратты" дегендердің аузына құм құяды. Оларға: "Көздерің соқыр ма? Көрмейсіңдер ме? Қаттылық та, аптап ыстық та Құдайдың қолында. Демек, олар Аллаһқа құлдық ұрады. Әлгі жұп-жұмсақ нәзік тамырлар Мұсаның (Ғ.С.) аса таяғы тәрізді ﻓَﻘُﻠْﻨَﺎ ﺍﺿْﺮِﺏْ ﺑِﻌَﺼَﺎﻙَ ﺍﻟْﺤَﺠَﺮَ(Құран, 2:60) әмірімен тас-топырақты қақ жарады. Жұп-жұқа, нәзік жапырақтар Ибраһимнің (Ғ.С.) ағзалары тәрізді отқа қарсы ﻳَﺎ ﻧَﺎﺭُ ﻛُﻮﻧِﻰ ﺑَﺮْﺩًﺍ ﻭَ ﺳَﻼ َﻣًﺎ(Құран, 21:69) аятын оқиды," - дейді. Иә, барлық нәрсе "Бисмилләһ" деп, барлық ырыс-несібе, нығмет Аллаһ атымен бізге жеткізіліп отыр. Олай болса, біз де "Бисмилләһ" деуіміз керек. Аллаһ атымен алып, Аллаһ атымен беруіміз керек. Ендеше, Аллаһ атымен бермейтін, ғапыл, бейқам адамдардан алмауымыз керек. Сауал: Себепкер қызметін атқаратындарға көп мән беріп, жоғары баға беріп жатамыз. Алайда, бұл нығметтердің нағыз иесі Аллаһ Тағала емес пе? Апырай, мұнша нығметтердің ақысын оған қалай өтесек екен? Жауап: Иә, нағыз Жарылқаушы, Қамқоршы, мейірімі мол Аллаһ Тағала осы құнды нығметтері үшін бізден қалайтыны үш-ақ нәрсе. Біріншісі - зікір, екіншісі - шүкір, үшіншісі - пікір. Әрбір іске кірісерде "Бисмилләһ" айту - зікір. Соңында "Әлхамдүлилләһ" деу - шүкір. Ортасында осыншама таңғажайып нығметтерді Әхад (Жалғыз) әрі Самәдтің (Еш нәрсеге мұқтаж емес) құдіреті жаратты, яғни Оның жарылқауы, сыйлығы деп білу - пікір. Патша бір міскін адам арқылы әлдебіреуге қымбат сыйлық жіберсе, мұны алған пенде сыйлықты әкелген міскіннің аяғын сүйіп, ал осы сыйлықтың нағыз иесін танымаса, ол барып тұрған ақымақтық емес пе? Сол сияқты сырт көзге нығметтің иесі боп көрінген, негізінде жәй перде болған себептерді мадақтап, жақсы көріп, нағыз иеміз, аса қамқор, жарылқаушы Мүним-і Хақиқиды (Нағыз нығмет беруші) ұмыту немесе оны танымау әлгі мысалдағыдан өткен ақымақтық болар еді. Ей, нәпсім! Мұндай ақымақ болғың келмесе, Аллаһ атымен бер! Аллаһ атымен ал! Аллаһ атымен баста! Аллаһ атымен әрекет жаса! Уәссәлам.

Теги других блогов: Ислам Бисмилләһ Қайырлы жол